2025 жылғы 1 маусымда Қытай мен Өзбекстанның визасыз тәртіп жөніндегі үкіметаралық келісімі күшіне енеді. Өзбек билігі бұл қадам туризмге және сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған дейді. Бірақ елде қытай инвесторларының қызметі сынға ұшырап отыр. Кей сарапшылардың айтуынша, Қытай визасыз режим арқылы "жұмсақ күш" саясатын іске асырып отыр.
ТУРИСТЕРГЕ ЕСІК АШУ
Өзбекстан мен Қытай азаматтары енді осы екі елдің біріне визасыз бара алады. Бірақ бір сапардың уақыты 30 күннен, сапарлардың жиынтығы 180 күндік мерзім ішінде 90 күннен аспауы керек. Бұл туралы 13 мамыр күні Өзбекстан сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
"Визасыз режим еңбек қызметін, оқуды, медиа қызметін және өзге мемлекеттегі құзырлы органдардың алдын ала мақұлдауын қажет ететін басқа да қызметтерді қамтымайды" деді министрлік.
Өзбекстан 2021 жылғы наурызда Қытай азаматтарына 10 күндік визасыз режим енгізген. Қытайдың Өзбекстандағы елшісі Юй Сюань 2023 жылғы қазанда Ташкентте өткен баспасөз мәслихатында Пекин екі ел арасында визасыз тәртіп енгізуге "құштар" деген.
Орталық Азия және Қытай жөніндегі сарапшы Темур Умаров екі ел арасындағы визасыз режимді ірі жетістік деп санамайтынын айтады.
"Қытай ірі елдердің халқына Қытай Халық Республикасына саяхаттау үшін визасыз режим ашып жатыр. Бұл келісім осы тенденцияға сай келеді. Өзбекстанмен қарым-қатынастағы нақты жетістік демес едім. Бұдан бөлек, екі елдің жақындасып жатқанын көрсететін көптеген өзге процестер жүріп жатыр. Оның ішінде саудадағы рекордты экономикалық көрсеткіштер, инвестицияның артуы, Қытайдың өзбек мемлекетіне және кәсіпорындарына беретін несиесінің ұлғаюы бар" дейді Умаров.
ЫҚПАЛДЫ АРТТЫРУ ҚАДАМЫ
Виза тәртібін жеңілдету келісіміне 2024 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың Пекинге мемлекеттік сапары кезінде қол қойылған. Осылайша, Өзбекстан постсоветтік аумақта Қытаймен визасыз тәртіп енгізген жетінші мемлекет атанды. Бұған дейін Пекинмен осыған ұқсас келісімді Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Армения және Қазақстан жасасқан. Қазір Қырғызстан мен Грузия Қытаймен визасыз режим жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Лондонда тұратын саясаттанушы Әлішер Илхамов бұл келісімді Қытайдың ықпалын арттыру қадамы деп атайды.
"Санаулы күн бұрын-ақ Латын Америкасындағы бір топ ел Қытайға визасыз бару мәртебесіне ие болды. Шамасы бұл тізім ұзара береді. Бұл – Қытайдың салмағы мен ықпалын осы статус берілген ресми елдер деңгейінде ғана арттырып қоймай, төмен деңгейде азаматтар арасында байланыс орнатуға да мүмкіндік береді. Қоғамаралық байланысты тежейтін белгілі бір әлеуметтік-мәдени кедергілер алынады. Сөйтіп Қытайдың маңызы, оның осы статусты алатын елдердегі салмағы артады. Геосаяси сипатына қарасақ, бұл Еуроодақ пен Қытай секілді ірі ойыншылар арасындағы бәсеке мен күресті білдіреді. Жақында Еуроодақ пен Орталық Азия саммиті өтті. Бұл Еуроодақтың осы аймаққа қызығушылығы артқанын көрсетті. Қытай қарап қалмай, осы аймаққа деген ықпалын арттырудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жатқан сияқты" дейді Илхамов.
Сарапшылар сондай-ақ Қытай мен Өзбекстанның демографиялық және экономикалық әлеуеттеріндегі айырмашылығына назар аударады. 1,5 млрд халқы бар Қытайдан туристердің, бизнесмендердің және инвесторлардың көп келуі Өзбекстан инфрақұрылымына қысым түсірмек. Ал 37,5 млн халқы бар Өзбекстан Қытайға тек турист жібере алады. Өйткені өзбек азаматтары бұл елде жұмыс істей алмайды дейді сарапшылар.
"Туристік байланыстар мен бизнес деңгейіндегі байланыстардан өзге ешнәрсе көрініп тұрған жоқ, өйткені визасыз режим 30 күнге ғана беріледі. Бұл дегеніңіз өзбек мигранттарына Қытайда жұмыс істеу мүмкіндігі берілмейтінін білдіреді. Сол себепті мұны Өзбекстанның Қазақстан не Ресеймен әріптестігі тұрғысынан салыстыруға келмейді. Жақында мұндай мүмкіндіктердің пайда болуы екіталай" дейді Илхамов.
ТАШКЕНТТІҢ ЕҢ ІРІ САУДА ӘРІПТЕСІ
Қазіргі таңда қытай өнімдері өзбек нарығында басымдыққа ие деп айта беруге болады. Пекин инвестиция көмегімен ортақ кәсіпорын ашу, күн панельдері мен тамшылату суару жүйелері салаларында екіжақты әріптестік ұлғайып келеді. Кейінгі жылдары қытай кәсіпкерлеріне ауыл шаруашылығына арналған жерлер беріле бастады.
Саясаттанушы Наргиза Умарованың айтуынша, Қытай сыртқы ықпалын көрші елдер есебінен арттыру саясатын 1990-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында іске қосқан. 2024 жылы Орталық Азияның Қытаймен сауда айналысы 95 млрд долларға жетті. Ресеймен сауда айналымы бұдан екі есе төмен болған.
"Бірақ 2017 жылға дейін Өзбекстан салыстырмалы түрде жабық мемлекет болды. Әсіресе экономикалық көмек алу тұрғысынан жабық еді. Біздің негізгі донорларымыз АҚШ-қа қатысы бар халықаралық қаржы институттары болатын. Олардың арасынан Қытайды көрмейтінбіз. Жағдай 2017-2018 жылдар күрт өзгере бастады. Кейінгі екі-үш жылда Қытай Өзбекстанның нөмірі бірінші сауда әріптесіне айналды" дейді Умарова.
Өзбекстан сыртқы қарызының 31 пайызы шетелдік қаржы институттарына тиесілі. Көш басында Қытай даму банкі мен қытайлық Эксимбанктен алынған несиелер тұр.
"Қытай ықпалының артуы аймаққа міндетті түрде қауіп төндіреді дегенді білдірмейді. Қауіп төндіретіні – осы ықпалдың монополиялануы, Қытайдың жекелеген саладағы ықпалы тым артуы, Қытайдың бір салада гегемон елге айналуы. Бұл өте қауіпті жағдай. Орталық Азия мұндайда қандай да бір шара қабылдауы қажет болар еді. Бірақ егер Қытай Орталық Азияда қазір жұмыс істеп тұрған заңдар мен ережелер аясындағы әріптестердің бірі болып қала берсе, онда ешқандай қауіп жоқ" дейді Темур Умаров.
МӘСЕЛЕ ТЕК ИНВЕСТИЦИЯДА ЕМЕС
2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз тәртіп орнаған. Бұрынғы дипломат Жарас Ормантай осы келісім жайлы көзқарасын білдірді.
"Алматыда көп қытай жүргенін байқамадым, бірақ оларды Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе секілді туристік орындарда жиі кездестіруге болады. Шындығында, біз сұраушы тараппыз. Визасыз режимді алдымен біз Қытайға ұсындық, содан кейін олар бізге ұсынды. Қазақстанда қытай азаматтарына арналған жұмыс орындары жайлы қауіп болғаны рас. Еңбек даулары, митингілер, наразылықтар болды. Үкімет пен белсенділер арасында көптеген келіссөз өтті. Бүгінде бұл проблема негізінен Батыс Қазақстанда, жергілікті компанияларда байқалады. Қытай компаниялары бұл жағдайлар қайталанбас үшін осы мәселені жалақыны көтеру арқылы шешіп жатыр" дейді Ормантай.
Кейінгі онжылдықта Қытай "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында Орталық Азияда экономикалық және инфрақұрылымдық қызметін іске асырып келеді. Сарапшылардың айтуынша, Пекин бұл аймаққа капиталын ғана емес, адами ресурстарын да бағыттап отыр. Қытай стандарттары, тілі және мәдениеті туризм, студенттік алмасу және кішігірім сауда мен қызмет арқылы тарап жатыр, осылайша бақылау тетіктері ұлғайып отыр деген түсінік бар.
Қытай үкіметі шетелдік блогерлер мен танымал тұлғалар арқылы оң имидж жасауға ұмтылып отырғанын да байқауға болады. 2025 жылғы сәуірде бір топ қырғыз блогері Қытайға шақырылған. Олар онда барған соң, сол ел жайлы бірқатар бейнеролик түсірді. Пекин өзінің жақсы жақтарын көрсету үшін Батыс жұлдыздарын да шақырып жүр. Мысалы, жақында Қытайға "Оскар" сыйлығының лауреаттары Эдриан Броуди мен Джорджина Чапман барды. Сондай-ақ, танымал америкалық стример IshowSpeed (аты-жөні – кіші Даррен Уоткинс) те Қытайға сапарлап, бірнеше сағаттық эфирлер сериясын жүргізді.
Алайда Қытай адам құқығын бұзып отыр деген айыптар әлі тағылып отыр. БҰҰ дерегінше, Қытай Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу" лагеріне миллионнан астам мұсылманды қамаған. Пекин мұны "экстремизммен күрес" деп атайды, алайда бұл аймаққа халықаралық сарапшыларды кіргізбейді.
Азаттық радиосы Өзбек қызметінің мақаласы.
ПІКІРЛЕР